Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті
Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті
22.10.2018

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті 2018 жылдың 22 қазаны мен 23 қараша аралығында Ақтөбе облысының аудандарында «Департамент күні» іс-шарасын өткізуді бастады.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты халыққа жолдауын түсіндіру және Департаменттің жұмыс бағыттары мен негізгі ұстанымдарын кеңінен насихаттау, білім саласының дамуына қажетті шараларды түсіндіру, ұстаздар, ата-аналар, қоғам тарапынан білдірілетін проблемалық мәселелерді анықтау.

2018 жылдың 22 қазанында «Департамент күні» іс-шарасы Мұғалжар ауданынан бастау алды. Күн тәртібі бойынша Департамент басшысы Б.Кузембаева, Департамент мамандары, ардагер ұстаздар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің өкілдері облыс аумағында білім сапасын арттырудың жаңа бағыттарын белгілеу, білім сапасын арттыру мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізді. Сондай-ақ, ата-аналар қауымымен кездесіп, аудандағы білім беру жүйесінің сұрақтарын талқылады, пікір алмасты.

Департамент басшысы Булбул Бисембайқызы Кузембаева: «Соңғы кездері педагогтардың әдеп нормалары туралы жиі айтылады. Мұғалімнің беделінің биік болуы қоғамдағы іс-әрекеттерге байланысты. Мұғалімнің беделін түсіретін мәселелер қатарына жұмысқа деген жауапкершіліксіздік, өз мамандығын немесе пәнін жетік меңгермеу, оқушымен, ата-анамен тіл табыса алмау, басшылықпен жанжалдасу, мемлекеттік саясатты теріске шығару, жемқорлыққа жол беру секілді келеңсіз іс-әрекеттерді жатқызуға болады. Осы бағытта мұғалімдердің мәртебесінің заң жүзінде қорғалуы Елбасының жаңа Жолдауында қолдау тапқаны көңіл қуантады» - деді.

Іс-шараның келесі кезеңдерінде қамқоршылық кеңестерінің отырысна қатысып, қазіргі таңда өңірде қамқоршылық кеңестерінің қызметінің жұмысына талдау жасалынды.

Іс-шара қорытындысында, Департамент өкілдері қоғамдық қабылдау өткізіп, мәселелерімен келген азаматтарға, ата-аналарға кеңес беріп, шешу жолдарын көрсетті.

Департамент күні барлық аудандарда жалғасын табады. 

 

22.10.2018