Департамент по обеспечению качества в сфере образования Актюбинской области
Комитета по обеспечению качества в сфере образования и науки
Министерства образования и науки Республики Казахстан
18.12.2020

15 желтоқсан күні Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті С.Бәйішев атындағы облыстық  әмбебап-ғылыми кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған «Оқуға құштар мектеп - оқуға құштар ұлт» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мамандары, ардагер ұстаздар, департаменттің қоғамдық кеңес мүшелері, жас мамандар, аудандық/ қалалық мектеп кітапханашылары және гуманитарлық колледж студенттері-болашақ кітапханашылар қатысты. 

Іс-шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп- оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асыру, еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқушылар мен жастардың қызығушылығын арттыру және   сол арқылы тіл байлығын  дамытып, азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру жағдайлары туралы айтылды. Сондай-ақ осы жоба аясындағы жол картасы міндеттері талқыланды.

Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Кузембаева Бұлбұл Бисембайқызы «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалап, толықтырудың аса маңызды міндет екендігін атап өтті.

Президент өз сөзінде: «Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек» деп, Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондықтан да жалпы мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға құмарлығын ояту үшін мектептерде көптеген жұмыс атқарылуы тиіс. Оның ішінде әр апта  сайын «Менің оқыған кітабым», «Оқу сағаты»т.б. жұмыстар жүргізілу керек.

Сондай-ақ департамент басшысы Б.Кузембаева мұндай жобаларды одан әрі дамытып, республикалық деңгейде дем беру үшін тек оқушылардың ғана емес, ата-ананың да қызығушылығын арттыру бағытында «Жол картасының» мақсаттарын да ортаға салды.

Сонымен қатар осы мәселенің шешілу жолдары туралы бірнеше аудандық, облыстық «Алғыс хат» иегері, «Білім Өркениет»  ұлттық инновациялық ғылыми -зертеу орталығы, «Дарын» республикалық ғылыми орталық І Дәрежелі Диплом «Үздік кітапханашы 2020» және «Қазақстан білім беру саласының үздігі» төс белгі иегері Хромтау  № 6 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Елеусізова Әлия Мұхамбетқызы «Оқуға құштар мектеп» жобасынан-инновациялық кітапханаға» тақырыбында өз тәжірибесімен ой бөлісті.    

Әлия Мұхамбетқызы ақпараттық қоғам маманы-мектеп кітапханашысы  нақты жағдайда туындайтын мәселелерді көре білу,  оларды шешу жолдарын іздеп таба білу,  оқырман құрамының өзгерісіне байланысты жаңару, үздіксіз білімді көтеру сияқты талаптарға сай болуы қажеттігі туындап тұрғанын, сондықтан әрбір кітапханашы үнемі жаңа ізденісте болуы қажеттігін атап өтті. 

С.Бәйішев атындағы облыстық  әмбебап-ғылыми кітапхананың бас маманы Ж.Жолмагереева «Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы өте төмен. Себебі қазір уақытта бәрімізде интернет жүйесімен шектеліп қалып отырмыз. Тіпті бір-бірімізбен амандасу, жағдайды сұрау, құттықтау барлығы дайын суреттерді пайдаланып қоя саламыз. Ол үшін жастар арасында көбірек пікір сайыстарды өткізу керек»-деп өз ұсынысын білдірді.

Жас маман және студенттер ардагер ұстаздар мен кітапханашыларға өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойды.  Ардагер ұстаздар М.Малайдар мен  А.Тоқбасова, А.Сақауова, Г. Сүлеймен «Қазіргі уақытта біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Кітап оқуға бала кезден баулу керек. Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады»-деп өздерінің балалық шақтарындағы кітап оқудағы қызықты оқиғалары туралы айта отырып және іс-тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.                                                                                                                 

Іс-шарада департаменттің қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар марапатталып, соңы мерекелік концертке ұласты.

18.12.2020